Астанада Қорғалжын тасжолында жүк көлігі өртенді
Елордалық құтқарушылар Нұра ауданында жол бойында тұтанған жүк көлігінің өртін жедел сөндірді, деп хабарлайды "24KZ".
Өрт бүгін Астана қаласының Нұра ауданында, Қорғалжын тасжолының бойында болған. Жүк көлігінен өрт шыққаны туралы ақпарат түсісімен ТЖМ өртсөндірушілері оқиға орнына жедел жетті.
Құтқарушылардың кәсіби іс-қимылының арқасында тілсіз жау тез арада оқшауланып, толықтай ауыздықталды. Өрттің өзге аумақтарға таралуына жол берілмеді, -дейді төтеншеліктер.
Ресми мәліметке сәйкес, оқиға салдарынан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Қазіргі уақытта мамандар жүк көлігінің неден тұтанғанын және келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр.
ТЖМ көлік иелері мен барша азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға, көліктегі алғашқы өртсөндіру құралдарының жарамдылығын үнемі тексеріп отыруға шақырады.