Машинист бес жасар баланы ажалдан арашалап қалды

depositphotos.com

Түркістан облысында жолаушылар пойызының локомотив бригадасы аса ірі қайғылы жағдайдың алдын алды. Қырағы мамандар теміржол рельсінің үстінде қараусыз жүрген бес жасар баланы дер кезінде байқап үлгерген, деп хабарлайды «24KZ».

Оқиға 2026 жылғы 20 маусымда сағат 15:08-де Түркістан – Шиелі теміржол учаскесіндегі Шорнақ станциясының маңында болған. №7/8 бағытындағы «Алматы-2 – Саратов» жолаушылар пойызы келе жатқан темір жолдың үстінде кенеттен кішкентай бала пайда болған. 

Сол сәтте сағатына 70 шақырым жылдамдықпен келе жатқан пойыздың машинисі қауіпті бірден байқап, шұғыл тежеу жүйесін іске қосты. Мамандардың кәсіби шеберлігі мен секундына дейін есептелген жылдам әрекетінің арқасында зәулім пойыз балаға бірнеше метр қалғанда тоқтап үлгерді.

Аталған теміржол учаскесі арнайы қауіпсіздік қоршауларымен толық жабдықталған. Алайда, бес жасар бала бұл қауіпті аймаққа ересектердің қарауынсыз, өздігінен өтіп кеткен.

Қазақстан темір жолы барлық ата-аналарға үндеу жасап, балаларды теміржол нысандарының жанында ешбір жағдайда қараусыз қалдырмауды сұрайды. Сондай-ақ, балаларға теміржол аймағындағы қауіпсіздік ережелерін үнемі түсіндіріп отыруды қатаң ескертеді.Теміржол - жоғары қауіптілік аймағы. Сондықтан үлкендердің салғырттығы орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін екенін ескертеді.