Маралды көлінде ер адам өкпе ісінуінен көз жұмды
Павлодар облысындағы танымал тұзды Маралды көлінің жағасында демалып жүрген 66 жастағы қария кенеттен көз жұмды. Дәрігерлердің мәліметінше, оның өкпесі ісініп, үшінші дәрежелі комаға түскен, деп хабарлайды «24KZ».
1960 жылғы ер адамның көл жағасында отырғанда кенеттен денсаулығы сыр берген. Оқиға орнына жеткен жергілікті медицина қызметкерлері зардап шегушіге алғашқы көмек көрсетіп, шұғыл түрде жедел жәрдем бригадасына тапсырған. Нашарлаған науқас аудандық аурухананың қабылдау бөліміне жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін арашалап үлгере алмады.
Жедел жәрдем қызметі өткен демалыс күндері өңірдегі су айдындарында тағы екі жазатайым оқиға тіркелгенін хабарлады:
15 жастағы жасөспірім қыз құтқару станциясының маңында өзенге аяғын шаюға кіріп, құмға батып кеткен. Тепе-теңдікті жоғалтып, суға құлаған бойжеткенді құтқарушылар дер кезінде алып шығып, облыстық балалар ауруханасына жеткізді.
Сабындыкөл көлінде шомылып жүрген 1950 жылғы қария суға батып кете жаздаған. Оны айналадағы адамдар судан шығарып, алғашқы көмектен кейін аудандық ауруханаға жөнелтті.
Аптап ыстықтың басталуымен су жағасына ағылатын тұрғындар саны күрт артты. Осыған байланысты медицина мамандары азаматтарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Ыстық ауа мен салқын судың арасындағы температураның күрт өзгеруі адам ағзасына үлкен салмақ түсіреді. Бұл созылмалы аурулардың асқынуына, қан қысымының көтерілуіне немесе денеде кенеттен тырысу (судороги) пайда болуына әкеп соғуы мүмкін, - дейді мамандар.
Дәрігерлер демалушыларды өз денсаулығын нақты бағалауға, шомылу кезінде ешбір жағдайда алкоголь өнімдерін тұтынбауға және балаларды су жағасында қараусыз қалдырмауға шақырады. Тұзды көлдер мен жабдықталмаған су айдындарының түбі де үлкен қауіп тудыруы мүмкін.