Ақтөбеде интимдік видеосын таратамын деп танысын бопсалаған ер адам ұсталды

Ақтөбе облысында тәртіп сақшылары бопсалау және азаматтардың жеке өміріне қол сұғу қылмысының жолын кесті. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде бұрынғы танысын қорқытып, материалдық немесе өзге де талаптар қойған күдікті қолға түсті. Бұл туралы өңірлік Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

 

Ресми мәліметке сәйкес, полиция органдарына Ақтөбе қаласының тұрғыны арызданған. Жәбірленуші өз өтінішінде бұрын қарым-қатынаста болған таныс ер адамның үстінен шағым түсірген. Күдікті әйелдің келісімінсіз жасырын түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазбаларды әлеуметтік желілерде немесе жақындарының арасында таратамын деп қорқытып, оған жүйелі түрде психологиялық қысым көрсетіп келген.

Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іс-қимылдардың нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ол жедел арада құрықталды. Ұсталған азамат көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шықты.

Қазіргі уақытта аталған факті бойынша жеке өмірге қолсұғушылық және бопсалау белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Сонымен қатар, ұсталған азаматтың осыған ұқсас өзге де құқыққа қайшы қылмыстарға қатысы бар-жоғы жан-жақты тексерілуде.

Тәртіп сақшылары азаматтардың жеке өміріне қатысты құпия мәліметтерді, фото-бейнематериалдарды заңсыз тарату немесе оларды таратамын деп сес көрсету ауыр қылмыс санатына жататынын ескертеді. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, бұл әрекеттер үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Полиция департаменті осындай заңсыздықтарға немесе кибер-бопсалау фактілеріне тап болған азаматтарды уақыт созбай, дереу «102» арнасына хабарласуға шақырады.