«Қалта ұрлығын жасаған»: Алматыда бір үйдің үш келіні қамауға алынды

Фото: Видеодан скрин

Алматыда қалта ұрлығымен айналысты деген күдікке ілінген үш әйел ұсталды. Олар автобустарда, базарларда және адамдар көп жиналатын өзге де орындарда әрекет еткен, деп хабарлайды «24KZ».

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, ұсталғандардың барлығы бір сыған отбасының  келіндері.

Полицияның айтуынша, үшеуі бірігіп жұмыс істеген: алдын ала жоспар құрып, бір-біріне көмектесіп,  автобус, базар сияқты адам көп жүретін жерлерде  адамдардың телефонын, ақшасын және алтын әшекейлерді ұрлаған. 

Күдіктілердің екеуі екі күн бұрын ұсталса, келесі күні жедел уәкілдер үшінші қатысушыны да қолға түсірген. Ол үшін криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, қажетті дәлелдемелік базаны жинаған.

Алдын ала деректер бойынша, әйелдердің ондаған ұрлыққа қатысы болуы мүмкін. Қазір полицейлер олардың басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.

Полиция Алматы тұрғындары мен қонақтарын қоғамдық көлікте, базарларда және адамдар көп жүретін басқа да жерлерде сақ болуға, сондай-ақ жеке заттарын қараусыз қалдырмауға шақырады.