Қазақтың дәмі әлемге танылуда: қазақстандық аспаздар Қытайда күміс жүлде иеленді

Фото: Nar Group

Қазақстандық аспаздар Қытай Халық Республикасының Циндао қаласында өткен «Асүй патшасы» халықаралық гастрономиялық байқауында күміс жүлдегер атанды, деп хабарлайды «24KZ».

Байқау «ШЫҰ жазы – 2026» халықаралық бағдарламасы аясында өтті. Оған Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің үздік аспаздары қатысты.

Қазақстан атынан қатысқан аспаздар байқау барысында  дәстүрлі рецепттерді, ұлттық өнімдер мен заманауи гастрономиялық тәсілдерді үйлестіре отырып, қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды.

Жеңімпаздар кәсіби қазылар алқасының 70 пайыздық және көрермендердің 30 пайыздық дауыс беру нәтижесі бойынша анықталды. Бағалау барысында тағамның дәмі, аспаздық шеберлік, креативтілік және ұлттық асхананы заманауи түрде таныстыру деңгейі ескерілді.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы ШЫҰ елдері арасындағы үздік көрсеткіштердің біріне қол жеткізіп, күміс жүлдені еншіледі. Қазылар алқасы ұсынылған тағамдардың жоғары сапасын, ерекше безендірілуін және ұлттық гастрономиялық дәстүрлердің сақталуын жоғары бағалады.

Бұл марапат - ең алдымен, қазақ асханасының халықаралық деңгейде мойындалуы. Біз ұлттық тағамдарымыздың әлеуеті зор екенін және әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға қызықты бола алатынын көрсетуді мақсат еттік. Әр тағамның артында халқымыздың тарихы, мәдениеті және ұлттық құндылықтарға деген құрмет жатыр. Бұл жеңіс бізге қазақ гастрономиясын одан әрі дамытып, әлемге кеңінен танытуға күш береді, – деді бас аспаз Валихан Кин.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз