Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде полиция капитаны қаза тапты
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбековтің туған-туыстары мен жақындарына Ішкі істер министрі Ержан Сәденов көңіл айтты, деп хабарлайды «24KZ».
«Қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбековтің туған-туыстарына көңіл айтамын. Ішкі істер министрлігі марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсетеді», – деді министр.
Түркістан облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 2 шілде күні Түркістан қаласында болған.
«Патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, өз әрекетімен жол қозғалысының өзге де қатысушыларына қауіп төндірген жүргізушіні тоқтатуға бағытталған болатын. Алайда Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында патрульдік полицияның “Chevrolet Cobalt” қызметтік автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшырап, полиция қызметкері Бауыржан Қонысбеков ауыр жарақат салдарынан оқиға орнында көз жұмды», – делінген департамент хабарламасында.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Әріптестерінің айтуынша, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков антқа адал болып, қызметтік борышын соңына дейін абыроймен атқарған.
Ішкі істер министрлігі мен өңірлік полиция департаменті марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз