Экс-депутаттың 2,6 млрд теңгелік ісі сотқа жолданды: қаржы биржа мен казиноға жұмсалған

Фото: depositphotos.com

Алматы облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп, сотқа жолданды, деп хабарлайды «24KZ».

Тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) Алматы облысы бойынша департаменті аяқтады.

Іс бойынша негізгі күдікті — Алматы облысы Қарасай аудандық мәслихатының бұрынғы депутаты. Ол ауыл шаруашылығы саласындағы тәжірибесін және мемлекеттік субсидиялау тетіктерін пайдаланып, бюджет қаражатын заңсыз иемденудің жүйелі схемасын ұйымдастырған.

Алаяқтыққа Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында тіркелген 29 шаруа қожалығы тартылған. Құжаттарда өнеркәсіптік таңқурай өсіруге арналған элиталық көшеттер сатып алынғаны көрсетілгенімен, іс жүзінде олар жеткізілмеген.

Нәтижесінде мемлекеттен 2,6 млрд теңгеден астам субсидия заңсыз алынған.

Тергеу барысында жымқырылған қаражаттың бір бөлігі әртүрлі бағыттарға жұмсалғаны анықталған.

Заңсыз алынған субсидияның 491 млн теңгесі қор нарығында операциялар жүргізуге бағытталған. Осы мақсатта күдіктінің жұбайының атына брокерлік шот ашылып, ол арқылы қазақстандық және шетелдік компаниялардың бағалы қағаздары сатып алынған. Бұдан бөлек, тағы 400 млн теңге уақытша қаржылай көмек көрсету сылтауымен «iSolutions Capital» микроқаржы ұйымына аударылған. Кейін бұл қаражат күдікті тарапынан кезең-кезеңімен қолма-қол ақшаға айналдырылған. Сондай-ақ күдікті ұрланған қаражаттың 170 млн теңгесін Қонаев қаласындағы казинода құмар ойындарға жұмсаған,-делінген ҚМА хабарламасында.

Сот санкциясымен күдіктілердің 4 пәтері, 3 автокөлігі, жеке тұрғын үйі және бағалы қағаздарына тыйым салынды. Үш күдікті қамауға алынған.

Қылмыстық іс сотқа жолданды

  «24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз