«Қордай» бекетінде 2 тоннадан астам жемістен карантиндік зиянкестер анықталды
Қырғызстанмен шекарада Қазақстан аумағына кірмек болған алхоры мен шие өнімдерінен карантиндік зиянкестер анықталды, деп хабарлайды «24KZ».
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады. Ал өнімдердің ел аумағына өтуіне Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Жамбыл облысы бойынша аумақтық инспекциясы жол бермеді.
«Қордай» автомобиль өткізу бекетінде жүргізілген фитосанитариялық бақылау барысында қауіпті карантиндік нысандар анықталған.
Атап айтқанда, салмағы 800 келі алхорыдан Комсток сымыры, ал жалпы салмағы 1 450 келі шие партиясынан азиялық жеміс шыбыны табылған.
Мамандардың айтуынша, аталған зиянкестер ауыл шаруашылығына елеулі қауіп төндіреді және таралған жағдайда жеміс дақылдарына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.
Фитосанитариялық бақылау нәтижесінде залалданған өнімдер кері қайтарылды. Құқық бұзушыларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды.
Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті шекарада фитосанитариялық бақылау күшейтілген режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз