Астанада жарылыс болды: зардап шеккендер бар
Астанада «Сапа» базарының аумағында тандыр самса дайындайтын орында газ баллоны жарылды. Оқиға салдарынан төрт адам зардап шекті, деп хабарлайды «24KZ».
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, оқиға туралы хабарлама 102 арнасына сағат 08:55-те түскен. Жарылыс Жиенқұлов көшесі, 9 мекенжайында болды.
Полиция тандырханада 50 литрлік газ баллоны жарылғанын нақтылады. Осыдан кейін төбенің бір бөлігі мен есік ойығы опырылып түскен, сондай-ақ жақын маңда тұрған Toyota автокөлігі зақымдалды.
«Төрт зардап шегуші анықталды, олар ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ оқиға орнында дәрігерлер тағы бір зардап шегушіні тексеріп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Оқиға салдарынан ғимарат ішінде болған Өзбекстанның 41 және 19 жастағы екі азаматы зардап шекті. Сондай-ақ екі қазақстандық – 16 жастағы жасөспірім мен 27 жастағы ер адам жарақат алған.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз