Батыс Қазақстан университетің ректоры Нұрлан Серғалиев ұсталды
Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің ректоры Нұрлан Серғалиев лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы өңірлік Қоғамдық кеңес мүшесі, заңгер Бауыржан Ахметжан мәлімдеді, деп хабарлайды 24.kz.
Заңгердің айтуынша, қазіргі уақытта күдіктінің жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайы бойынша тінту жұмыстары жүргізіліп жатыр.
М. Өтемісов атындағы университет қызметкерлерінің хабарлауынша, бүгін оқу орнының ректоры Нұрлан Серғалиев лауазымдық өкілеттігін теріс пайдаланды деген күдікпен ұсталды. Оның жұмыс орнында тінту шаралары өтуде. Қылмыстық қудалауды Батыс Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті Департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр, - деп жазды Бауыржан Ахметжан өзінің Facebook парақшасында.
Айта кету керек, Нұрлан Серғалиев облыстық мәслихат депутаты. Ресми түрде әлі расталмаған мәліметтерге сүйенсек, тергеу әрекеттері мемлекет тарапынан оқу орнындағы ғылымды дамытуға бөлінген қаражатты ысырап етті деген күдікке байланысты басталып отыр.
Қазіргі уақытта құзырлы органдардан ресми түсініктеме күтілуде.