Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс заңсыз тәлімбақтан тәркіленді

Фото: ҚМА бейнежазбасынан скриншот

Заңсыз тәлімбақтан Қызыл кітапқа енген 35 жыртқыш құс тәркіленді, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржылық мониторинг агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар жыртқыш құстарды заңсыз иемдену және ұстау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады.

Тергеу мәліметінше, күдікті 2017 жылдан бері «Құсбегілік» федерациясының және Қазақстанның ұлттық құсбегілік құрамасының мүшесі бола отырып, Қарағанды қаласындағы үйінің аумағында заңсыз тәлімбақ ұйымдастырған.

Ол әлеуметтік желідегі аңшылық, қыран құстарды күтіп-баптау және емдеу тақырыбындағы парақшасы арқылы табиғи мекендеу ортасынан заңсыз алынған сирек құстарды жеткізушілермен байланыс орнатқан.

Тінту барысында күдіктінің тұрғылықты мекенжайынан 35 жыртқыш құс табылып, тәркіленді. Олардың қатарында ителгі, бүркіт және лашын бар. Бұл құстар Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген және сирек кездесетін, жойылып кету қаупі бар жануарлар санатына жатады.

Күдікті қамауға алынды. Сондай-ақ сот санкциясымен оған тиесілі Toyota 4Runner автокөлігіне тыйым салынды.

Қазір құстар уақытша Қарағанды қаласының хайуанаттар бағында ұсталып отыр. Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін олар табиғи мекендеу ортасына жіберіледі.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз