Түркістанда 3 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты қолды болған
Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті жүргізген тергеу барысында 2016–2021 жылдары «КТ Яссы Несие» ЖШС басшылығы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның ірі қара мал сатып алуға бағытталған агробизнесті қолдау бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты жымқырудың жүйелі схемасын ұйымдастырғаны белгілі болды, деп хабарлайды «24KZ».
Заңсыз схема аясында несие алу мақсатында бөгде тұлғалардың атына жалған шаруа қожалықтары мен жеке кәсіпкерліктер тіркелген. Өтінімдерге қолдан жасалған бизнес-жоспарлар, құқық белгілейтін құжаттар мен іс жүзінде жоқ кепіл мүлкі туралы мәліметтер қоса берілген. Несиелеу мамандары қажетті қағаздарды әзірлеп, жалған несиелік қорытындылар, тексеру актілері мен қаражаттың мақсатты пайдаланылғаны туралы құжаттарды рәсімдеу арқылы қаржының заңды түрде берілгені туралы жалған көрініс қалыптастырып отырған.
Сондай-ақ қылмыстық топтың құрамында бағалаушылар мен кепілдік қамтамасыз ету мамандары, нотариустар болған. Бағалаушылар мүлікті бағалау туралы заңсыз есептер жасап, шын мәнінде жоқ немесе көрсетілген құнына сәйкес келмейтін мүліктің бар екенін растаса, нотариустар белгілі бір ақшалай сыйақы үшін кепілге қойылатын мүлікке қатысты жалған құжаттарды куәландырған.
Оперативті-тергеу шаралары барысында жалпы 33 қылмыстық құқық бұзушылық фактісі әшкереленді. Топ мүшелері 24 жалған несие рәсімдеп, кепіл ретінде іс жүзінде жоқ 54 нысанды ұсынған. Сот шешіміне сәйкес мемлекет кірісіне 19 тұрғын үй, 10 жер учаскесі, 2 пәтер, 4 коммерциялық үй-жай және 4 автокөлік тәркіленді. Қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсысына 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне ене қойған жоқ.