Алматыда 275 адамды алдаған қаржы пирамидасы әшкере болды
Алматыда тұтыну кооперативі атын жамылып жұмыс істеген «R.O.I.» қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды «24KZ»
Қазіргі уақытта 275 азамат жәбірленуші деп танылды. Оларға келтірілген жалпы шығын 217 млн теңгені құрады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, ұйымдастырушылар азаматтарды жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алу бағдарламаларына қатысуға шақырған. Ол үшін үлестік жарна жинақтау туралы шарттар жасалып, тұрғындардан ақша жиналған.
Алайда жаңа қатысушылардан түскен қаражат нақты кәсіпкерлік қызметке емес, кооперативке бұрын қосылған мүшелер алдындағы міндеттемелерді өтеуге жұмсалған.
Тергеу барысында ұйымдастырушылар кеңес беру қызметінің ақысы деген желеумен кооперативтен 94 млн теңгені өздерімен байланысы бар тұлғалардың, соның ішінде «Кәусар» жеке кәсіпкерлігінің есепшоттарына аударғаны анықталды, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар 2022 жылы сот даулары басталғаннан кейін Алматыда «ShynSaulet», «Berekeli Shanyrak», «Aya-Aru», «Jasmin», «USCoop» және «Baiterek» атты алты жаңа тұтыну кооперативі құрылған.
Тергеу мәліметінше, аталған ұйымдар «R.O.I.» тұтыну кооперативі басшысының бақылауында болған. Олар жеке сот орындаушылары бұғаттаған негізгі кооперативтің банк шоттарын айналып өтіп, түскен қаражатты басқа есепшоттарға бағыттау үшін пайдаланылған.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікті екі айға қамауға алынды.
Сот санкциясымен үш автокөлікке, 25 пәтерге және банк шоттарына тыйым салынды.
Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.