ІІМ желіде хайп қуғандар мен треш-стрим жасаушыларды жазалады
Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістікте заң бұзған тоғыз әлеуметтік желі қолданушысын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мәлім етті, деп хабарлайды «24KZ».
Ведомство дерегінше, құқық бұзушылар лайк, қаралым және донат үшін тікелей эфирлерде, атап айтқанда TikTok желісінде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекеттер жасаған, қауіпті пранктер ұйымдастырып, айналасындағыларды қорлаған. Әсіресе, мұндай контенттің балалар мен жасөспірімдердің көз алдында өтуі үлкен алаңдаушылық тудырып отыр.
Министрлік нақты мысалдарды келтірді:
-
Астана қаласы: «Бауырсақ» лақап атымен танымал 37 жастағы Индира Ештаева тікелей эфирде әдепсіз сөздер айтқаны үшін ұсақ бұзақылық бабымен айыппұл төледі.
-
Алматы қаласы: «Ақтөре» ниетімен әрекет еткен 32 жастағы Батырбек Ақтөре эфир кезінде дөрекілік көрсетіп, айналасындағыларды қорлағаны үшін 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
-
Шымкент қаласы: 20 жастағы Данияр Сейдалиев электршокер қолданып, адам ұрлау көрінісін тікелей эфирде көрсеткені үшін 8 тәулікке қамалды.
-
Жамбыл облысы: «Алтын қыз» атанған 41 жастағы Лайло Касымова жүйелі түрде балағат сөздер таратып келгені үшін айыппұл арқалады. Сондай-ақ осы өңірде донат пен хайп үшін бір-біріне қасақана дене жарақатын салған 19 жастағы Жаркынай Байбек пен Асылжан Танаберганов жауапқа тартылды.
ІІМ өкілдері анонимділік пен фейк аккаунттар ешкімді жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертті. Ведомство кез келген құқықбұзушының жеке басын анықтауға техникалық мүмкіндіктер жеткілікті екенін және мұндай профилактикалық шаралардың жалғасатынын мәлімдеді.
Заң мен тәртіп – бұл ұран емес, әрбір азамат үшін міндетті ереже. ІІМ оның сақталуын нақты өмірде де, цифрлық кеңістікте де қатаң түрде қамтамасыз етеді, – деді Шыңғыс Алекешев.