Адвокат: Шерхан Аймахан жауапкершіліктен құтылудың амалын іздеп отыр
Шымкентте Нұрай Серікбайдың қазасына байланысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Сотта Шерхан Аймаханның жауабына қатысты жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров пікір білдірді, деп хабарлайды «24KZ».
Адвокаттың айтуынша, сотталушының оқиғаны аффект жағдайында жасағаны туралы мәлімдемесі – оның қорғау тактикасы. Оның сөзінше, іс материалдарындағы дәлелдерге қарамастан, Аймахан жауапкершіліктен құтылудың жолын іздеп отыр.
Сотталушының өз жауабын мойындамауы, болған жағдайды аффект жағдайымен түсіндіруі – менің ойымша, оның қорғау позициясы. Жиналған дәлелдерге қарамастан, жазадан сытылып кетудің амалы деп санаймын, – деді Аянхан Омаров.
Адвокат сотталушының кейбір жайттарды нақты есінде сақтағанын, ал оқиғаның негізгі бөлігіне келгенде есінде жоқ екенін айтуына күмән келтірді.
Ол Нұраймен қалай танысқанын, қарым-қатынаста болғанын, басқа да жайттарды есінде сақтайды. Ал нақты қылмысқа келген кезде негізгі тұстарын білмеймін деуі күмән тудырады. Бұл – жауапкершіліктен құтылудың бір тәсілі деп есептеймін, – деді жәбірленуші тараптың қорғаушысы.
Аянхан Омаровтың айтуынша, сотталушыға қатысты жүргізілген сот-психиатриялық сараптамаларда оның қылмыс жасаған сәтте өз әрекетін түсініп, басқара алғаны және аффект жағдайында болмағаны көрсетілген.
Айта кетейік, Шерхан Аймаханға Қылмыстық кодекстің «некеге тұруға мәжбүрлеу», «сталкинг» және «аса қатыгездікпен адам өлтіру» баптары бойынша айып тағылып отыр.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз