Балқаш жағалауында адамдардың өміріне қауіп төндірген жүргізуші 10 тәулікке қамалды
Алматы облысындағы Балқаш көлінің жағалауында шомылып жүрген адамдарға қауіп төндіріп, көлікпен бұзақылық жасаған жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды «24KZ» ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Балқаш көлінің тікелей жағалауы мен су ішінде болған. Ол жерде балалар мен ересектер шомылып жүрген кезде, Mercedes-Benz маркалы көлікті басқарған жүргізуші айналалағылардың өміріне қатер төндіретін қауіпті әрекеттер жасаған.
Жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде тәртіп сақшылары құқық бұзушының жеке басын анықтады. Ол Тараз қаласының тұрғыны Нұрлан Исаев болып шықты. Сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, айдалған көлік арнайы тұраққа қойылды.
Жаппай демалыс орындары – қауіпті ойын-сауықтың орны емес. Адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін кез келген әрекетке қатаң тосқауыл қойылып, кінәлілер заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады, – деп атап өтті құқық қорғау органдары.