Алматыға 43 келі марихуана тасымалдамақ болғандар ұсталды

кадр бейнежазбадан

Жамбыл облысында Алматы қаласына 43 келіден астам марихуана жеткізбек болған тұрғын ұсталды, деп хабарлайды «24KZ».

Батыс Еуропа – Батыс Қытай автожолының 215-шақырымында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Қордай аудандық полиция бөлімінің инспекторлары Hyundai Elantra автокөлігін тоқтатуға тырысқан, алайда жүргізуші полиция талабына бағынбай қашуға әрекет жасаған. Артынан тоқтатылған көлікті тексеру барысында жүргізушінің есірткілік масаң күйде екені және тіпті көлік басқару құқығы жоғы анықталды.

 Қызметтік-іздестіру итінің көмегімен көліктің жүксалғышынан төрт қап қара түсті пакетке салынған есірткі заты табылып, сараптама оның 43 келіден астам кептірілген марихуана екенін растады. Күдікті бұл тыйым салынған затты аса ірі көлемде Алматыға апаруды көздегенін жеткізді.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды және күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сонымен қатар, ол көлікті құқықсыз әрі есірткілік масаң күйде басқарғаны үшін бөлек әкімшілік жауапкершілікке тартылып, әкімшілік қамаққа алынды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.