Астанада алғаш рет жолаушы мінген аэротакси сынақтан өтті
Астанада жолаушы мінген EH216-S ұшқышсыз әуе кемесінің тарихи демонстрациялық ұшуы өтті, деп хабарлайды 24KZ.
EH216-S электрлі әуе аппараты елордадағы арнайы рұқсат етілген аумақта сынақ рейсін орындады. Тік ұшып-қону мүмкіндігі бар eVTOL санатындағы бұл әуе көлігі «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында таныстырылды.
Заманауи әуе кемесі екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымға жетеді, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін барады.
Іс-шара барысында мамандар ұшқышсыз әуе жүйелерінің нақты жағдайда қолдану мүмкіндіктерін көрсетті. Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи нысандары бағытында ұзақтығы 5–30 минут болатын демонстрациялық және туристік рейстерді іске қосу жоспарланып отыр.
Болашақта мұндай әуе көліктерін тек туризм саласында ғана емес, шұғыл медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмек жеткізу, өрт сөндіру, логистика және басқа да жедел қызмет бағыттарында пайдалану көзделген.
Жоба аясында Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерін өндіруді кезең-кезеңімен жолға қою жоспарланып отыр. Бұл жоғары технологиялық машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.
Көлік министрлігінің мәліметінше, елімізде қалалық әуе мобильдігін дамыту үшін қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негіз қалыптастырылып жатыр. eVTOL әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың қызметі және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданған.
Бұл жаңа технологияларды Қазақстанның көлік жүйесіне қауіпсіз енгізуге мүмкіндік береді.