Tarlan Astana құрылысында алғаш рет жаңа технология қолданылды

Фото: instagram.com/cts_kz

Астанада Қосшы қаласы бағытына қарай Tarlan Astana желісінің құрылысы жалғасып жатыр. City Transportation Systems (CTS) компаниясы құрылыс барысында арнайы көпірқұрастырғыш техниканың қолданылып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды 24kz.

CTS-тің Instagram парақшасындағы мәліметке сәйкес, DF30/245 көпірқұрастырғышы Қазақстанда алғаш рет пайдаланылып отыр. Бұл техника аралық құрылымдарды монтаждау жұмыстарын едәуір жеделдетуге және автомобиль жолдарын жабу уақытын барынша қысқартуға мүмкіндік береді.

Бүгін оның көмегімен алғашқы темірбетон арқалық көтеріліп, орнатылды. Бұл жабдық жұмыстың толық циклін атқарады: арқалықты көтереді, оны эстакада бойымен арнайы техникамен жылжытады және тіректерге орнықтырады, – делінген компания хабарламасында.

Жүк көтергіштігі 245 тонна болатын DF30/245 көпірқұрастырғышы алдын ала кернелген темірбетон арқалықтарды монтаждау ерекшеліктерін ескере отырып, Tarlan Astana жобасы үшін арнайы әзірленіп, жасалған.

Компанияның мәліметінше, техника зияткерлік басқару жүйесімен және қашықтан басқару пультімен жабдықталған. Бұл құрылыс жұмыстарының дәлдігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар құрылыс барысында ауыр темірбетон конструкцияларымен жұмыс істеуге арналған MGA сериясындағы қос арқалықты көпірлі крандар да қолданылып жатыр.