Алматы тауларында адасып қалған үш жасөспірім құтқарылды
Алматының таулы аймағында бағытынан адасып қалған үш жасөспірімді Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары тауып, қауіпсіз жерге жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға Бостандық ауданындағы Аюсай шатқалында болған. Үлкен Алматы шыңынан түсіп келе жатқан үш жасөспірім бағытынан адасып, өздігінен төмен түсе алмаған. Олармен байланыс сақталып, орналасқан жері геолокация арқылы анықталған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізуге ҚР ТЖМ «Республикалық жедел-құтқару жасағы «Барыс» РММ құтқарушылары жұмылдырылды. Құтқарушылар Космостанциядан көрсетілген геолокация бағытына жаяу шығып, жасөспірімдерді Аюсай шатқалынан тапты, делінген хабарламада.
Жасөспірімдерге медициналық көмек қажет болмаған. Құтқарушылар оларды тау соқпағымен Космостанцияға дейін алып түсіп, кейін қауіпсіз жерге жеткізді. Үшеуі де аман-есен туыстарына тапсырылды.
ТЖМ тауға шығар алдында маршруттың күрделілігін ескеріп, өз мүмкіндігін алдын ала бағалауға шақырады. Құтқарушылар толық қуатталған ұялы телефон мен жеткілікті мөлшерде су алып жүруге, сондай-ақ жоспарланған бағыт туралы жақындарына алдын ала хабарлауға кеңес береді.