Шекара қызметі миллиард теңгенің тауары мен жанар-жағармайды заңсыз әкетудің жолын кесті

depositphotos.com

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі тамыз айының алғашқы он күнінде мемлекеттік шекара арқылы тауарлар мен жүктерді заңсыз тасымалдаудың 551 дерегін анықтап, тосқауыл қойды. Тәркіленген өнімнің жалпы құны 1 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды «24KZ». 

 

Ведомство мәліметінше, анықталған оқиғалардың ең көп бөлігі жанар-жағармайды ел аумағынан заңсыз әкету әрекеттеріне қатысты. Атап айтқанда:

  • 411 дерек - жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеттері;

  • 140 дерек - халық тұтынатын тауарларды заңсыз тасымалдауға байланысты құқықбұзушылықтар.

Мемлекеттік шекарадағы қауіпсіздік пен заңсыз тасымалдауға қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жыл басынан бері тәртіп сақшылары автомобильдерге заңсыз орнатылған қосымша отын багы бар 255 көлікті анықтады. Осы заңбұзушылықтар үшін 195 шетелдік азамат пен 60 қазақстандық әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

ҰҚК деректеріне сәйкес, тек шілде айының алғашқы үш аптасының өзінде шекарада ЖЖМ-ді заңсыз әкетуге тырысқан 1300-ден астам деректің жолы кесілген болатын. Барлық анықталған заңбұзушылар Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті жауапкершілікке тартылды.