Астанада жүк көлігінің нөмірін шүберекпен жапқан жүргізуші қамауға алынды
Елордада жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға және жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жедел іс-шараның алғашқы күнінде полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұзудың 600-ге жуық дерегін анықтады. Оның ішінде жолаушылар мен жүктерді тасымалдау талаптарын бұзудың 200-ден астам фактісі, техникалық талаптарға сай келмейтін көлікті басқарудың 100-ден астам жағдайы және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланудың 90-ға жуық дерегі бар.
Сонымен қатар көлікті заңсыз қайта жабдықтаудың 15 фактісі және қарсы бағыттағы жолаққа шығудың 11 жағдайы анықталды.
Сондай заңбұзушылықтардың бірі елордаға кіреберісте тіркелді. 24 жастағы Howo жүк көлігінің жүргізушісі камераларға түспеу үшін мемлекеттік нөмірін шүберекпен жауып қойған.
Алайда жүргізушінің әрекеті назардан тыс қалмады. Ол тоқтатылып, жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен жүргізуші бір жылға көлік басқару құқығынан айырылып, қамауға алынды.