«Әдемі видео үшін өміріңізді қатерге тікпеңіздер»: Астана маңында аттан құлаған әйел комадан шықпай көз жұмды

depositphotos.com

Астана маңындағы ат клубтарының бірінде болған қайғылы жағдай ауыр зардаппен аяқталды. Аттан құлап, ауыр жарақат алған 33 жастағы Жазира есімді астаналық азаматша бір айға жуық комада жатып, 13 тамызда есін жинамастан ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды «24KZ».

 

Төтенше жағдай шілде айының басында Астана іргесіндегі «Атлант» ат-спорт клубында болған. Жазираның жақындары мен достарының айтуынша, ол атқа алғаш рет мініп жүрген жан емес, ер-тоқымда өзін сенімді ұстай білетін тәжірибелі болған. Алайда сол күні серуен кезінде үріккен жануарды басқара алмай, екпінмен жерге құлаған.

Алған жарақаты тым ауыр болғандықтан, ол шұғыл түрде елордалық ауруханаға жеткізілді. Алайда дәрігерлердің күні бойы жасаған көмегіне қарамастан, науқас терең комадан шықпай, 13 тамыз күні қайтыс болды.

 

Ақмола облыстық Полиция департаменті оқиғаға қатысты ресми мәлімдеме жасап, қылмыстық істің қайта сараланатынын хабарлады:

Целиноград ауданы аумағындағы ат клубтарының бірінде Астана тұрғынының аттан құлауына байланысты биыл 6 шілдеде қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. 13 тамызда жәбірленушінің қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс қайта сараланады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүріп жатыр, - деді ведомство өкілдері.

 

Марқұмның туыстары мен әлеуметтік желідегі таныстары бұл қайғылы жағдайдан кейін жұртшылыққа сақтық танытуды сұрап, үндеу жариялады. Олар әдемі кадрлар үшін қауіпсіздікті екінші орынға қоймау керектігін айтып жазба қалдырды:

Әдемі видео үшін өміріңізді қатерге тікпеңіздер. Өзіңіз толық басқара алмайтын, тоқтата алмайтын атқа мінбеңіздер. Үйде ата-анаңыз бен жақындарыңыз күтіп отырғанын ұмытпаңыздар, - деп жазды оның жақындары.