Қызметтік көлікпен әйелді қағып, оқиға орнынан қашып кеткен ХҚКО қызметкері ұсталды
Алматы облысында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының қызметкері қызметтік көлікпен адам өліміне әкелген жол апатына ұшырады, деп хабарлайды 24KZ.
Оқиға 11 тамыз күні кешке Алматы – Шелек – Қорғас – Байсейіт тасжолында болған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, 26 жастағы Kia Sorento жүргізушісі жолды белгіленбеген жерден кесіп өтіп бара жатқан 77 жастағы зейнеткерді қағып кеткен. Әйел алған жарақатынан оқиға орнында қаза тапты.
Жүргізуші жол апатынан кейін оқиға орнынан қашып кеткен. Алайда көп ұзамай оның жүрген жері анықталып, ұсталды. Қазір ол қамауда.
Әлеуметтік желілерде ХҚКО-ның облыстық филиалы басшылығы жол апаты туралы ақпаратты жасыруға тырысқаны жөнінде мәлімет тарады. Жазбада бүлінген қызметтік көлік бірнеше күн бойы жасырылғаны және мемлекеттік корпорацияның Астанадағы орталық аппаратына оқиға туралы хабарланбағаны айтылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы бұл жол апаты болғанын растап, осыған байланысты ішкі қызметтік тексеру жүргізілген.
Мемлекеттік корпорацияның мәліметінше, қызметтік көлікті бақылауды тиісті деңгейде ұйымдастырмағаны және ақпаратты талапқа сай ұсынбағаны үшін филиал директоры мен оның орынбасарына тәртіптік жаза қолданылған.
Ал жүргізушінің қылмыстық жауапкершілігі қылмыстық іс аясындағы тергеу мен сот талқылауы барысында анықталады.