Алматы облысындағы мұздықтан табылған адам сүйегі тікұшақпен түсірілді

кадр бейнежазбадан

Алматы облысының таулы аймағындағы Северцев мұздығынан табылған адам сүйегі тікұшақпен қауіпсіз жерге шығарылды. Төтенше жағдайлар министрлігі бұл эвакуацияның видеосын жариялап, оқиғаның мән-жайын айтты, деп хабарлайды «24KZ».

ТЖМ мәліметінше, іздеу-құтқару жұмыстарына «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жұмылдырылды. Мәйіт теңіз деңгейінен шамамен 3400 метр биіктіктен түсіріліп, жеке басын анықтау және тиісті сараптамалар жүргізу үшін Алматы облысының жедел-тергеу тобына тапсырылды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, марқұмның сүйегін, киімі мен жеке заттарын Беларусь елінен келген тау туристері тапқан. Бұл туралы алғашқылардың бірі болып қала тұрғыны Анастасия Ахметова хабарлаған еді.

Менің белорус достарым біздің тауларда екі апталық трекинг жасап шыққаннан кейін маған хабарласып, мұздықта адам мәйіті жатқанын хабарлап, видео көрсетті. Біз бірден 109 қызметіне қоңырау шалып, координаттар мен барлық фото-видео материалдарды жібердік. Енді марқұмның жеке басын анықтап, туыстарына қайтару үшін қажетті шаралар атқарылып жатыр, – деді ол.