Астанада автобус жарық бағанына соғылды
Астанадағы Ардагерлер көшесінде маршруттық автобус көше жарықтандыру тірегіне соғылып, апатқа ұшырады, деп хабарлайды «24KZ».
Әлеуметтік желілерде жарияланған кадрлардан алдыңғы әйнегі сынып, үстіне жарық тірегі құлаған қоғамдық көлікті көруге болады. Куәгерлердің айтуынша, оқиға Көктал ауданында орын алған. Автобус бағананы қағып кетіп, шамамен 20 метрге дейін сүйреп апарған. Оқиға орнына жедел жәрдем көлігі келгенімен, зардап шеккендердің жоқ болуына байланысты кері қайтқан. Ал автобус жүргізушісі апаттан кейін көліктің жанында өздігінен жүрген.
Желі қолданушылары кейбір қоғамдық көлік жүргізушілерінің жоғары жылдамдықпен жүріп, қауіпті маневрлер жасайтынын айтып, өз алаңдаушылықтарын білдірді.
Астана қалалық полиция департаменті бұл жол-көлік оқиғасының 20 тамызда болғанын растады. Ведомствоның мәліметінше, Yutong маркалы маршруттық автобустың жүргізушісі Ардагерлер көшесімен келе жатып, рульді басқара алмай, жарықтандыру тірегіне соғылған. Жол апаты салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ, ал жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.