"Біз ол жаққа кірмеуіміз керек еді": Ұлдана Мырзуанның әріптесі сотта жауап берді
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қайғылы қазасына байланысты өтіп жатқан сот отырысында әріптесі, фельдшер Ақтамақ Сыздықова куәгер ретінде жауап берді, деп хабарлайды«24KZ». Ол оқиға орнына алғашқылардың бірі болып жеткенін айтып, сол күнгі абыр-сабыр сәтті егжей-тегжейлі баяндады.
Куәгердің айтуынша, оқиға орнында адам қарасы көп болған.
Ділназдың "Ұлдана, Ұлдана!" деп айқайлап жатқанын естідім де, сол жаққа қарай жүгіріп бардым. Барсам, Ділназ оны көтеріп жатыр екен. Ұлдана етпетінен жатты. Мен Ділназға көмектестім. Ұлдананың құлағынан, мұрнынан қан ағып жатты. Оны көтере бастағанда, шашының арасынан қанды байқадым. Шашы түйіліп тұрғандықтан, дәл қай жерінен қан аққанын анық көре алмадым, – деді Ақтамақ Сыздықова.
Сондай-ақ сот отырысында қауіпсіздік ережелері мен төтенше жағдай орнына кіру мәселесі де көтерілді. Қорғаушының «Ол жаққа кіру туралы шешімді кім қабылдады? Сіздердің бригада ма, әлде Мырзуанның бригадасы ма?» деген сұрағына куәгер былай деп жауап берді:
Біз қауіпсіздік техникасының нұсқаулығы бойынша ол жаққа кірмеуіміз керек еді. Алайда ол жерде адамдар болғандықтан және ТЖМ қызметкерлері әлі келмегендіктен, көмек көрсетуімізге тура келді. Біз ішкі нұсқаулық бойынша төтенше жағдай орнына кірмеуіміз керек. Шынымды айтсам, ешкім арнайы шешкен жоқ, ол жақта абыр-сабыр болып жатты. Жағдай солай болып, біз бөлініп кеттік.
Қайғылы оқиғаға қатысты сот процесі жалғасуда.