QARMET-ке 1,5 млрд теңге залал келтірген 13 адам сотталды
«QARMET» АҚ 1,5 млрд теңгеден астам залал келтірген ұйымдасқан қылмыстық топтың 13 мүшесі сотталды. Олар 2021-2023 жылдары кәсіпорынға сапалы металл сынығы ретінде металл емес қоспалары көп қалдықтарды жеткізген. Бұл туралы Қарағанды облысының прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Сот анықтағандай, қылмыстық схема үш жылға жуық уақыт жұмыс істеген. Топ мүшелері теміржол вагондарымен шлак, құм, қиыршық тас, топырақ және басқа да металл емес қоспалары бар қалдықтарды кәсіпорынға металл сынығы ретінде жеткізуді ұйымдастырған.
Олар өзара міндеттерін бөліп алған. Бір бөлігі вагондардың кәсіпорын аумағына кедергісіз кіруін және жүкті түсіруді қамтамасыз етсе, енді бірі металл сынығындағы қоқыс көлемін әдейі төмен көрсеткен.
Осының салдарынан QARMET-ке 1 млрд 503 млн 954 мың теңге залал келген.
Сот шешімімен қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алынған мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді. Оның ішінде көлік, жылжымайтын мүлік және банк шоттарындағы ақша бар. Тәркіленген мүліктің жалпы құны шамамен 1 млрд теңгені құрады.
Сонымен қатар сот QARMET-тің талап арызын қанағаттандырды. Сотталғандардан келтірілген залалды өтеу есебіне 803 млн 954 мың 694 теңге өндірілді.
Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты үкімді 10 тамызда шығарған. Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз