Балабақша есепшісі бес жыл бойы бюджеттен 30 млн теңге жымқырған
Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында балабақша есепшісі 30 млн теңгеден астам бюджет қаражатын заңсыз иемденді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды 24KZ.
Аудан прокуратурасының тексеруі барысында есепшінің бес жыл бойы өзіне штаттық кестеде белгіленген жалақыдан артық қаражатты негізсіз есептеп, жеке банктік шотына аударып келгені анықталған.
Осы дерекке қатысты прокуратура Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Аталған бап аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе ысырап етуге қатысты.
Қылмыстық істі әрі қарай тергеу Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне тапсырылды.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
Қылмыстық кодекстің осы бабы бойынша мүлікті тәркілеу арқылы 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Сондай-ақ белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру қарастырылған.