Солтүстік Қазақстанда кибералаяқтық 24% азайды
Полицияның хабарлауынша, жыл басынан бері 400-ге жуық қылмыс анықталған.
Көрсеткіш төмендеді дегенмен, арқаны кеңге салуға болмайды. Полицейлер сақтық шараларын күшейтіп, WhatsApp қосымшасында арнайы чаттар ашты. Онда түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Айта кетейік, Президент жолдауда киберқылмыстың алдын алу үшін, интеллектуалды жүйе құруды тапсырған болатын.Қала тұрғыны Галина Любовицкая жақында алаяққа алданып қала жаздады. Өзін полиция қызметкерімін деп таныстырған адам қоңырау шалып, жеке мәліметтерін сұраған. Басында сөзіне сенгенімен, кейін күмәндана бастапты. Абырой болғанда, 2 млн теңгесі қалтасында қалды.
Галина Любовицкая, қала тұрғыны:
- Осындай жағдайға душар болатыным үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Полиция қызметкерімін деп хабарласты. Сондықтан сеніп қалдым. Бірақ шоттағы ақшамды алып, үйге келгеннен кейін күдіктене бастадым. Кейін тәртіп сақшыларының араласуымен алаяқтардың арбауынан аман қалдым.
Статистикалық мәліметтерге қарағанда, облыста интернет алаяққа алданып, сан соғып қалғандардың әрбір төртіншісі – зейнеткер. Осыған байланысты полицейлер WhatsApp қосымшасында топтық чаттар құрып, алдын алу шараларын күшейтті.
Мұратбек Аяғанов, облыстық ПД басқармасы бастығының орынбасары:
- Ватсап группаларда қазіргі уақытта 700 астам біздің тұрғындар бар. Өздерінің оқиғаларын айтады болған. Мәселен, маған осы күні звандады алаяқтар, осындай СМС кодтарды сұрады деп, біз оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында Үкіметке кибер қылмыспен күресті күшейтуді тапсырды. Осыған байланысты өңірде арнайы топ құрылып, жұмыс жоспары қабылданды. Қолға алынған шаралардың нәтижесінде зардап шеккен тұрғындарға 136 млн. теңге қайтарылды. Жалпы, елде кибералаяқтық өзекті болып тұр. Соңғы 7 жылда бұл қылмыс көрсеткіші еселеп өскен.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов