Алматыда заңсыз берілген 649 билборд учаскесі мемлекетке қайтарылды
Алматыда заңсыз жеке меншікке берілген билбордтарға арналған 649 жер учаскесі прокуратураның араласуымен мемлекет меншігіне қайтарылды, деп хабарлайды «24KZ».
Алматы қаласы прокуратурасының ұсынуы мен Жер ресурстарын басқару департаментінің талап-арызын қараған сот қала әкімдігінің бұрынғы заңсыз шешімдерінің күшін жойды.
2004–2020 жылдар аралығында әкімдік жалпы пайдаланудағы жерлерді тізімнен негізсіз шығарып, сауда-саттық өткізбестен билбордтарды орнату үшін жеке тұлғаларға таратып берген болатын.
Нәтижесінде жол бөлінген белдеуде орналасқан, жалпы аумағы 0,298 гектарды құрайтын 649 жер учаскесі мемлекетке қайтарылды.