Жасанды интеллект камералары бірнеше жол апатын тіркеді

@qazavtojol

Астана – Теміртау тасжолында жасанды интеллект элементтері бар камералар бір бағытта қозғалып келе жатқан көліктердің соқтығысу фактілерін тіркеді, деп хабарлайды«24KZ».  Оқиға кезінде қаза тапқандар жоқ, ал жол апаттарының нақты себептері мен мән-жайын құзырлы органдар анықтап жатыр.

Бейнежазбадан жүргізушілердің жолдағы жағдайға дер кезінде әрекет етпей, алда келе жатқан көліктерге тежегішті басып үлгерместен соғылғанын көруге болады. Мамандардың пікірінше, жүргізушілердің зейінін жоғалтуына қалғып кету, шаршау немесе смартфонға алаңдау себеп болуы мүмкін.

Бұл кадрлар жол үстіндегі бірнеше секундтық алаңдаушылықтың өзі қаншалықты қауіпті екенін айқын көрсетеді. Жоғары жылдамдықпен келе жатқан көлік бірнеше секундтың ішінде ондаған метр қашықтықты жүріп өтеді, ал мұндай жағдайда жүргізушінің қауіпті байқап, дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік азаяды.

Осыған байланысты «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерді көлік қозғалысы кезінде смартфон пайдаланбауға және ұйқы қыса бастаған жағдайда сапарды жалғастырмауға шақырады. Шаршағаныңызды сезсеңіз, қауіпсіз жерге тоқтап, міндетті түрде тынығып алу қажет.

Сондай-ақ оқыңыз: