Алматыда үш магнит жұтқан 5 жастағы балаға күрделі ота жасалды

фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Алматыда 5 жастағы бала жұтып қойған үш магнит асқазан мен аш ішек арасында жыланкөздің пайда болуына әкелді. Дәрігерлер балаға шұғыл ота жасап, магниттердің үшеуін де алып шықты, деп хабарлайды 24KZ.

Оқиға Алматы қаласындағы №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында болған. Магниттер баланың асқазан-ішек жолында ұзақ уақыт жатқан. Олардың біреуі асқазанда, екеуі аш ішекте орналасқан. Күшті магниттік тартылыс салдарынан олар мүшелердің қабырғалары арқылы бір-біріне жабысып, тіндерді зақымдаған.

Ота кезінде дәрігерлер өте сирек кездесетін асқынуды – асқазан мен аш ішек арасында патологиялық байланыс, яғни магниттік жыланкөз пайда болғанын анықтаған. Ұзақ уақытқа созылған қысым салдарынан тіндер зақымданып, ойылған.

Хирургтер жыланкөзді жойып, үш магнитті де алып тастаған. Зақымданған тіндер кесіліп, қайта қалпына келтірілген. Құрсақ қуысы тазартылып, дренаж қойылған.

Операция сәтті аяқталған. Емнен кейін баланың жағдайы жақсарған. Ауруханадан шығарылған кезде жалпы жағдайы қанағаттанарлық болып, операциядан кейінгі жараларында қабыну белгілері болмаған.

Мамандар ата-аналарды бала магнит жұтып қойған болуы мүмкін деген күдік туындаса, дереу медициналық көмекке жүгінуге шақырады. Уақытылы көрсетілген медициналық көмек ауыр әрі өмірге қауіп төндіретін асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ оқыңыз: