Әкім орынбасары мен тағы 9 шенеунік жазаланды
Жолаушылар тасымалы бағыттарына қызмет көрсету құқығына конкурс өткізу кезінде заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Олардың қатарында облыс әкімінің орынбасары да бар. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Көлік прокуратурасы тұрақты облысаралық, қалааралық және ауданішілік жолаушылар тасымалы бағыттарына қызмет көрсету құқығына өткізілетін конкурстардың заңдылығына талдау жүргізген.
Тексеру барысында бірқатар өңірде конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру кезінде қатысушыларға заңсыз кедергілер жасалғаны анықталды. Сонымен қатар кейбір тасымалдаушыларға негізсіз артықшылықтар берілген.
Прокуратураның мәліметінше, мұндай әрекеттер заң талаптары мен адал бәсекелестік қағидаттарының бұзылуына әкеп соққан.
Прокурорлық қадағалау актілерінен кейін 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде облыс әкімінің орынбасарына қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жасалды. Қалған лауазымды тұлғаларға сөгіс жарияланды.
Көлік прокуратурасы жолаушылар тасымалы саласында заңдылық пен ашықтықты қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын хабарлады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз