123 млн теңгеден астам қаржы жинаған: Қостанайда құрылыс компаниясының басшысы сотталды
Қостанайда тұрғын үй құрылысына азаматтардан заңсыз ақша тарту фактісі бойынша қылмыстық іс қаралып, сот процесі аяқталды, деп хабарлайды «24KZ».
Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, құрылыс компаниясының директоры екі жарым жыл бойы азаматтардан қаражат тартуға қажетті рұқсаты болмағанына қарамастан, пәтер сатып алу туралы шарттар жасасқан.
Ол құрылыс нысанын аяқтау мүмкін еместігін біле тұра, азаматтардан ақша тартуды жалғастырған.
2022 жылғы сәуірден 2024 жылғы қарашаға дейін компания басшысы азаматтардан 123 млн теңгеден астам қаражат жинаған. Ақшаны өз қалауынша иеліктен шығарған.
Нәтижесінде ондаған отбасы уәде етілген баспанасынан және салған қаражатынан айырылған.
Прокуратура жәбірленушілердің құқықтарын қорғау және келтірілген шығынды өтеу бойынша шаралар қабылдады. Сот талқылауы барысында барлық жәбірленушілерге келтірілген шығын толық көлемде өтелді.
Сот құрылыс компаниясының басшысын алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған пробациялық бақылау белгіленіп, шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сонымен қатар, оған бес жыл бойы құрылыс ұйымдарында басшылық қызмет атқаруға тыйым салынды.
Прокуратура азаматтарды тұрғын үй құрылысына қаражат салмас бұрын құрылыс салушының қажетті рұқсаттарының бар-жоғын және азаматтардан ақша тартудың заңдылығын тексеруге шақырады.
Алаяқтықтың немесе басқа да заңбұзушылықтардың алғашқы белгілері байқалған жағдайда құқық қорғау органдарына дереу жүгіну қажет.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз