Фельдшер Ұлдана Мырзуан ісі: сарапшы қасбеттің құлауына не себеп болғанын айтты

Фото: ЖИ арқылы өңделді

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза болуына қатысты іс бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Сотта құрылыс саласының маманы Вероника Лобаева тұрғын үйдің қасбеті құлауының негізгі себебін атады, деп хабарлайды 24KZ.

Сарапшының айтуынша, ғимараттың бір бөлігінің опырылуына құрылыс кезінде жобалық талаптардың сақталмауы себеп болған.

Оның сөзінше, үйдің сыртқы қабырғаларына арналған типтік конструкциялар ғимаратты бес қабатқа дейін тұрғызуға есептелген. Алайда құрылыс кезінде тоғыз қабатты тұрғын үй салынып, оған техникалық қабат та қосылған.

Вероника Лобаева қасбеттегі жарықтар құлаудың бастапқы себебі емес, оның салдары болғанын атап өтті.

Негізгі себеп – жобаның талаптарға сәйкес келмеуі, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ғимарат конструкциясы арматуралық белдеулермен күшейтілмеген. Құрылыс кезінде беріктігі төмен ерітінді, сондай-ақ сынған және жарты кірпіштер қолданылған.

Сарапшының пікірінше, осы факторлардың барлығы қасбеттің опырылуына әсер еткен. Егер ғимарат бастапқы жобада қарастырылғандай бес қабат етіп салынса, оған жел және динамикалық жүктемелер мұндай деңгейде түспес еді.

Сондай-ақ оқыңыз: