Танымал брендтердің атын жамылған жасырын цех әшкереленді
Шымкентте танымал брендтердің атауын заңсыз пайдаланып, жалған құрылыс қоспаларын шығарған жасырын цехтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды «24KZ» қалалық әділет департаментіне сілтеме жасап.
Арнайы операцияны әділет департаментінің қызметкерлері полиция және экономикалық тергеп-тексеру департаменттерімен бірлесіп жүргізді.
Тексеру кезінде заңсыз өндірістен «Alinex Glad» брендімен құрғақ құрылыс қоспалары, сондай-ақ «Қайсар» және «Крепость» кафель желімдері шығарылғаны анықталды. Аталған тауар белгілерінің эксклюзивті құқық иегері – Alina Group компаниясы.
Тінту жұмыстары кезінде көрсетілген брендтердің белгілері бар 860 қаптан астам дайын өнім тәркіленді. Жиналған материалдар кінәлі тұлғаларды ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 158-бабы, яғни бөтеннің тауар белгісін, тауар шығарылған жердің атауын немесе фирмалық атауды заңсыз пайдалану бабы бойынша жауапқа тартылу үшін сотқа жолданды. Әділет департаменті бұл бағыттағы жұмыстардың жалғасатынын мәлімдеді.