«Дубайға билет»: Астанада ата-аналарды сан соқтырған ер адам ұсталды
Астанада домбыра үйірмесіне қатысатын балалардың ата-аналарын алдап, ақшасын иемденді деген күдікпен 32 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды 24KZ.
Полицияға балалардың ата-аналарынан ұжымдық арыз түскен. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті ата-аналардың сеніміне кіріп, балаларды байқауға қатысу үшін Дубайға апаруды ұйымдастырамын деп уәде берген. Осы сылтаумен олардан әртүрлі мөлшерде ақша алған.
Қазіргі уақытта алдау арқылы ақша иемденудің 11 дерегі анықталды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ күдіктінің әрекетіне басқа да адамдардың қатысы бар-жоғы анықталуда.