107 тонна өнім Қазақстан шекарасынан кері қайтарылды
Батыс Қазақстан облысындағы «Сырым» ветеринариялық бақылау бекетінде жалпы салмағы 107 тонна өнімді заңсыз кіргізу және транзитпен өткізу әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Тексеру кезінде Шешен Республикасынан Түркістан облысы мен Шымкентке жөнелтілген 88 тонна бидай кебегіне қажетті ветеринариялық құжаттар мен таңбалау болмағаны анықталды. Өнімге міндетті термиялық өңдеу де жүргізілмеген.
Тағы бір жағдайда Беларусьтің Минск облысынан Ташкентке жөнелтілген 19 тонна сүйексіз сиыр еті мен ет өнімдерінің транзитіне тосқауыл қойылды. Бұған эпизоотиялық ахуалға байланысты енгізілген уақытша шектеулер себеп болған.
Министрлік мәліметінше, аталған өнімдердің барлығы жөнелту орындарына кері қайтарылған. Тасымалдаушыларға әкімшілік хаттамалар толтырылып, айыппұл салынды.
Жыл басынан бері «Сырым» бекетінде 230 заң бұзушылық анықталған. 230 көлік кері қайтарылды. 100 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 8,9 млн теңге айыппұл салынған.
Министрлік тасымалдаушыларды ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтап, қажетті құжаттарды дұрыс рәсімдеуге шақырды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз.