Маңғыстау облысында көлік апатынан 4 адам қаза тапты
Маңғыстау облысында Ақтау – Бейнеу тасжолында екі Toyota Camry соқтығысып, төрт адам қаза тапты, деп хабарлайды 24.KZ сайты облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
Қайғылы оқиға 16 қыркүйек күні сағат 20:30 шамасында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, Жетібай ауылынан Шетпе бағытында келе жатқан Toyota Camry көлігінің жүргізушісі жол жиегінде немесе жол үстінде жүрген түйені қағып кеткен.
Соққыдан кейін көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, қарсы келе жатқан тағы бір Toyota Camry көлігімен соқтығысқан.
Апат салдарынан төрт адам оқиға орнында көз жұмды. Тағы төрт адам әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі (Жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Көліктер арнайы тұраққа қойылып, барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.
Тергеу жүріп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде мал иесі де анықталуда, – деп хабарлады Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.