Түрікменстанмен арадағы күре жол жөнделіп жатыр

Елімізді Түрікменстанмен жалғайтын күре жол жөнделіп жатыр. Маңғыстау облысындағы ұзындығы 50 шақырым болатын трасса өткен ғасырдың 90-шы жылдары салынған, деп хабарлайды 24KZ.

Содан бері бұл аумақ күрделі жөндеу көрмеген. Жоба құрылысын келер жылы аяқтау күн тәртібінде тұр. Бұдан кейін көрші елмен арадағы жүру уақыты екі есе қысқармақ.

Күре жол Қазақстанның картасында «Жетібай-Жаңаөзен-Түрікменстан Республикасының шекарасы» деп аталады. Күрделі жөндеу осы трассаның 179-229 шақырымы аралығында жүріп жатыр. Былтыр жазда басталған жоба құрылысына 132 арнайы техника тартылған. 200-дей жұмысшы екі ауысыммен қызмет атқаруда. Барлығы – жергілікті тұрғын. Қазір 50 шақырым аумақта жер жұмыстары аяқталып, қиыршықтас-құм қоспасы және геотекстиль салынды. Жолдың төменгі жабын қабатына ірі түйіршікті асфальтбетон төселген. Мамандар жүз пайыз отандық құрылыс материалдарын қолдануда.

Наурызбек Нұрмағанбетов, «Akzhol Qurylys» ЖШС жоба жетекшісі:

– Щебеніміз де, битум да барлығы да осы өзіміздің Қазақстанда өндірілген. 47 километріне ірі түйіршікті асфальт салынып тұр. Тек қалып тұрғаны – 3 километр. Осы қараша айының соңына дейін толық бітіреміз. Содан кейінгі ұсақ түйіршікті асфальтбетон үшінші қабаты – 5 сантиметр. 2027 жылы қыркүйек айына дейін өзінің кестесі бойынша тапсырамыз.

Республикалық маңыздағы жолды жаңғырту еліміздің Түрікменстан, одан әрі Иран бағытында транзиттік әлеуетін арттырып, Кендірлі курорттық аймағын дамытуға серпін береді деп күтіледі. Бұған дейін транзит жүк таситын көліктер осы аумақтан 6-8 сағат аралығында жүріп өтсе, ендігі кезек арақашықтық 2-2,5 сағатқа дейін қысқарады. Жоба аясында жүргізушілер мен жолаушылардың тынығуы үшін жол сервистік нысандары бой көтереді.

Қарасай Абыханов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының инженері:

– Президентіміздің тапсырмасына сәйкес 2025 жылдың шілде айынан бастап қарқынды жұмысты бастап кеттік. Нейтральды аймақта жарықтандыру қаралған. Аялдамалар салу қаралған. Сондай-ақ жолдың жиегіне сервистік эстакадалар қою қаралған. Қай жерлерде мал көп өтеді, сол жерлерге арнайы қоршау, мал өткелдерін орнатамыз.

Президент Қ. Тоқаев биылғы Жолдауында «Қазақстан тек транзиттік аумақ қана емес, халықаралық жүк ағындарын ұйымдастырушы ел болуы тиіс», - деді. Республикалық және жергілікті жолдардың сапасына жауапкершілікпен қарауды міндеттеп, барлық автомобиль шекаралық өткізу нысандарын қайта жаңғырту жобаларын 2027 жылы аяқтауды тапсырды. Бұл тұрғыдан Түрікменстанмен арадағы жаңартылған жолдың транзит жүктердің еліміздің теңіз порттарына тіке әрі қауіпсіз жетуіне мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Сондай-ақ оқыңыз: