Шымкентте заңсыз пластикалық ота жасап, науқасты бір көзінен айырған азамат сотталды

depositphotos.com

Шымкент қаласында заңсыз медициналық қызмет көрсетіп, пластикалық хирургиямен айналысқан тұлғаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «24KZ». Заңсыз ота салдарынан жәбірленуші бір көзінің көру қабілетінен толық айырылған.

Сот барысында айыпталушының жәбірленушіге блефаропластика операциясын жасағаны дәлелденді. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 322-бабы 2-бөлігі («Заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызмет») бойынша қаралды.

Сот үкімімен құқықсыз әрекет жасаған азамат 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар оған 3 жыл мерзімге медициналық және фармацевтикалық қызметпен айналысуға тыйым салынды.

Тиісті лицензиясы мен біліктілігі жоқ күмәнді тұлғалардың қызметіне жүгіну адам өмірі мен денсаулығына ауыр, орны толмас зиян келтіруі мүмкін. Сондықтан кез келген медициналық көмекті тек ресми лицензиясы бар мекемелер мен тәжірибелі мамандардан ғана алу қажет, – делінген Шымкент қалалық прокуратурасының хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз: