Жалған виртуалды дүкендер: CVK қаржы пирамидасының басшысы сотталды
Қарағанды облысында «CVK» қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін басқарған С.Ш. Қайырбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «24KZ». Ол мүлкі тәркіленіп, 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Тергеу мәліметтері бойынша, жоба қатысушыларына құны 120-дан 49 мың АҚШ долларына дейінгі виртуалды дүкендерді сатып алу үшін USDT криптовалютасымен инвестиция салу ұсынылған.
Салымшыларға күн сайын тұрақты табыс түседі және жаңа клиенттерді тартқаны үшін қосымша бонустар беріледі деп уәде етілген. Алайда виртуалды дүкендердегі тауарлар шын мәнінде болмаған. Ал түскен табыс тек жаңа қатысушыларды тарту арқылы ғана қамтамасыз етілген.
Салымшылардың қаражаты USDT криптовалютасы арқылы OKX платформасы көмегімен электронды әмияндарға аударылып отырған.
Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде құны 212 млн теңгені құрайтын 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивтер бұғатталды. Сот үкімімен аталған цифрлық активтер толықтай мемлекет кірісіне тәркіленді.