Алматыда Wildberries-ке қатысты қылмыстық іс тоқтатылды
Алматыда Wildberries компаниясының ірі логистикалық орталығын салу жобасына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Компания бұған дейін салынып жатқан нысан аумағында тінту жүргізіліп, құрылыс техникасына мөр басылғанына байланысты Комитетке жүгінген. Бұл жағдай инвестициялық жобаның жүзеге асуына қауіп төндірген.
Осыдан кейін Комитеттің тапсырмасымен Алматы қаласының прокуратурасы қылмыстық істің тіркелуін және қабылданған процестік шешімдердің заңдылығын тексерді.
Тексеру нәтижесінде құрылыс жұмыстары кезінде мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындаған даудың азаматтық-құқықтық сипатта болғаны анықталды. Осыған байланысты қылмыстық қудалауға негіз болмаған.
«Комитеттің үйлестіруімен Алматы прокуратурасының жедел араласуының арқасында сотқа дейінгі тергеп-тексеру сатысында инвестордың құқығын қорғап, жобаның іске асырылуына одан әрі кері әсер етуге жол бермедік. 2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды», – деді Комитет прокуроры Рауан Әлмішев.
Сонымен қатар, оқиғаға байланысты кінәлі лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі көтерілген.
Комитет өкілдері қылмыстық-процестік шараларды бизнеске қысым жасау немесе инвестициялық жобаларды іске асыруға кедергі келтіру құралы ретінде пайдалануға жол берілмейтінін атап өтті.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау және олардың қызметіне негізсіз араласу фактілеріне жедел ден қою жұмыстары жалғасады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз