Алматыда үш көлік соқтығысып, бірнеше адам зардап шекті
Алматыда Солтүстік айналма жолда үш көлік соқтығысты. Жол-көлік оқиғасынан бірнеше адамға медициналық көмек қажет болды, деп хабарлайды 24KZ.
Апат Жетісу ауданындағы Солтүстік айналма жолда кешкі сағат 21:00 шамасында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota көлігінің жүргізушісі оңтүстік бағытта келе жатып, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Салдарынан қарсы бағытта келе жатқан Chevrolet көлігімен соқтығысқан.
Қатты соққыдан Chevrolet инерциямен жолдағы тағы бір көлікке – Volvo-ға барып соғылған.
Жол-көлік оқиғасына қатысқан бірнеше адамға дәрігерлер көмек көрсетті.
Қазір полиция апаттың нақты себептері мен өзге де мән-жайларын анықтап жатыр.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе қарсы қозғалыс жолағына шығу – жолдағы ең қауіпті ережебұзушылықтардың бірі екенін ескертті.