Қазақстанда 130 мың тонна астықтың «сұр импорты» схемасы анықталды

Фото: ҚМА бейнежазбасынан скриншот

Батыс Қазақстан облысында 130 мың тоннаға жуық астықтың «сұр импортына» қатысты схема анықталды, деп хабарлайды «24KZ».

Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, шетелден әкелінген астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде рәсімделіп, кейін басқа елдерге экспортталған.

Қазақстан аумағы арқылы жалпы құны 11,2 млрд теңге болатын шамамен 130 мың тонна астық экспортталған. Бұл астық Өзбекстанға, Ауғанстанға және Тәжікстанға жөнелтілген, – деді Ернар Тайжан.

Тергеу мәліметінше, схеманы жүзеге асыру үшін коммерциялық ұйымдар жалған басшылардың атына тіркелген. Кейін олар мен отандық шаруа қожалықтары арасында астық сатып алуға қатысты жалған шарттар жасалған.

Осылайша импортталған астық Қазақстанда өндірілген өнім ретінде рәсімделіп, оны тасымалдау кезінде жеңілдетілген тариф қолданылған.

«Bakery Nan», «KazGrano», «Perfect Seed», «Weizen» және «Golden Grain Kazakhstan» компанияларының осы схемаға қатысы бар екені анықталған.

Транзиттік тарифтің төленбеуі салдарынан «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясына 1 млрд теңгеден астам залал келген. Сонымен қатар мемлекет мүддесіне келтірілген шығын 1,2 млрд теңге деп бағаланып отыр.

Іс бойынша бес адам күдікті деп танылды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталған. Қазір процеске қатысушылар қылмыстық іс материалдарымен танысып жатыр.

ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге ақпарат жария етілмейді.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Сондай-ақ оқыңыз: