Фельдшердің қазасына қатысты іс: құрылыс компаниясы да жауапқа тартылуы мүмкін
Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты кезекті сот отырысы өтті. Сот мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) төрағасы Сәуле Жұбаниязоваға қатысты қылмыстық істі құрылыс компаниясы мен басқа да тұлғаларға қатысты іспен біріктіру мәселесін прокурордың қарауына жолдады, деп хабарлайды «24KZ» ҚР Жоғарғы Сотына сілтеме жасап.
Бұған Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 1 қазандағы қаулысы негіз болған. Онда үйдің құрылысына қатысы бар тұлғаларға қатысты қылмыстық істі тоқтату туралы бұрын қабылданған шешімнің күші жойылған.
Сот отырысында жәбірленуші тарап істерді біріктіруді сұрады. Өкілдің айтуынша, бұл оқиғаның барлық мән-жайын толық зерттеп, оған қатысы бар тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беруге мүмкіндік береді. Қорғау тарапы мен мемлекеттік айыптаушы өтінішхатқа қарсылық білдірді.
Сот шешім қабылдау кезінде құрылыс-техникалық сараптама қорытындысын да ескерді. Сараптамаға сәйкес, ғимараттың опырылуына конструкциялық ақаулар мен құрылыс технологиясының сақталмауы сияқты бірнеше фактор әсер етуі мүмкін.
Бұл істі тек МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязованың әрекетіне баға берумен шектеуге болмайды. Құрылыс-техникалық сараптаманың қорытындысында ғимараттың опырылуына бірнеше себеп әсер етуі мүмкін екені, оның ішінде конструкциялық кемшіліктер мен құрылыс технологиясының бұзылғаны көрсетілген. Сондықтан апатқа әкелуі мүмкін жағдайға қатысы бар барлық тұлғаның әрекетіне тиісті құқықтық баға берілуі керек, – деді судья Меруерт Абаева.
Судья бұл шешім Сәуле Жұбаниязованың немесе басқа тұлғалардың кінәсі анықталды дегенді білдірмейтінін атап өтті. Іс барлық мән-жайды толық тергеу мәселесін шешу үшін прокурорға жолданды.
Сәуле Жұбаниязоваға қатысты елді мекеннен шықпау туралы бұлтартпау шарасы өзгеріссіз қалды. Сот қаулысына 15 тәулік ішінде шағым беруге болады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз