Түркістан облысында бірнеше ауылды сел басты
Түркістан облысының Қазығұрт ауданында нөсер жаңбырдан кейін бірнеше елді мекенді сел басты, деп хабарлайды 24KZ.
Табиғи құбылыс 1 қазанда болған. Сел көшелерге тарап, елді мекендердің жекелеген аумақтарын су басқан. Қазір апат салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оқиға орнына жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдай қызметкерлері жұмылдырылды. Мамандар су сорып, лай мен батпақты тазалап, су басқан аумақтарды ретке келтіріп жатыр.
Жұмысқа 200-ден астам адам мен 12 арнайы техника тартылған. Бұған дейін 64 маман мен 9 техника жұмыс істеген. Қажеттілікке қарай күш пен құралдар саны көбейтілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, адам қаза тапқан немесе зардап шеккен жоқ. Тұрғын үйлердің қирағаны да тіркелмеген.