Қызылорда облысында екі судья пара алғаны үшін 9 жылға сотталды
Қызылорда облысында Қазалы аудандық сотының төрағасы мен судьясы ірі көлемде пара алғаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды «24KZ».
Сот төрағасы Дәурен Әбдіқалықов пен судья Серік Бертай Қылмыстық кодекстің 366-бабының тиісті тармақтары (алдын ала сөз байласу арқылы топ адам болып, бірнеше рет пара алу) бойынша кінәлі деп танылып, әрқайсысы 9 жылға сотталды.
ҰҚК мәліметінше, күдіктілер биыл қаңтар айында пара алу кезінде ұсталған. Қазалы аудандық сотының төрағасы алаяқтық үшін сотталған адамның туыстарынан жазасын жеңілдету үшін 6 миллион теңге, ал кейін мерзімінен бұрын босату үшін тағы 300 мың теңге алды деген күдікке ілінгенін жазған болатын. Тергеу барысында бұл іске судья Серік Бертайдың да қатысы бар екені анықталды.